2026 жылғы 18–22 мамыр аралығында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының “Көркемсурет” кафедрасының оқытушысы Аяулым Нұрбекова Erasmus+ бағдарламасы аясында Румынияның Клуж-Напока қаласындағы Universitatea de Artă și Design din Cluj-Napoca университетінде академиялық тәжірибе алмасты.
Бағдарлама аясында университеттің Кескіндеме кафедрасы студенттеріне арналған таныстырылым дәрісі өткізілді. Дәріс барысында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессор-оқытушылар құрамының шығармашылық жұмыстары таныстырылып, заманауи қазақстандық кескіндеменің даму бағыттары, композициялық ізденістер, визуалды тіл және дәстүрлі әрі цифрлық әдістердің интеграциясы жөнінде айтылды.
Сонымен қатар Erasmus+ институционалдық координаторларымен, университеттің профессорлық құрамымен және Кескіндеме кафедрасының жетекшілігімен кездесулер ұйымдастырылып, студенттердің академиялық ұтқырлығы, халықаралық ынтымақтастық және болашақ бірлескен шығармашылық жобалар мәселелері талқыланды.
Іссапар аясында Румынияның мәдени және көркем мекемелеріне зерттеу бағытындағы кәсіби сапарлар жүзеге асырылып, еуропалық көркем білім беру жүйесінің тәжірибесімен танысу мүмкіндігі берілді.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы халықаралық мәдени байланыстарды нығайтып, қазақстандық заманауи өнерді халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.











