XI Халықаралық Baiqonyr кинофестивалі өз мәресіне жетіп, Ұлттық конкурс қорытындысы бойынша Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті мен түлегі жоғары марапаттарға ие болды.
«Режиссура» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті, Шарипа Нұрымбетқызы Уразбаеваның шеберханасында білім алып жүрген Мырза Махамбет фестивальдің Гран-при жүлдесін иеленді.
Сонымен қатар, «Режиссура» білім беру бағдарламасының түлегі, Айнұр Мұратқызы Ахметжанованың шеберханасында білім алған Әмір Кәкеннің «Жарық болған жаз» фильмі А. Қарсақбаевтың 100 жылдығына арналған арнайы жүлдеге ие болды.
Жеңістің жалғасы ретінде Алматы облысының әкімдігі тарапынан «Жарық болған жаз» фильмінің режиссері, Академия түлегі Әмір Кәкенге 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.
Бұл жетістіктер жас режиссерлердің шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігінің нәтижесін көрсетіп, отандық кино өнеріндегі жаңа буын өкілдерін қолдаудың маңызын айқындайды.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы жеңімпаздар мен олардың ұстаздарын құттықтайды! Шығармашылық ізденістеріңіз жемісті болып, жаңа туындыларыңыз көрерменге жол тартып, кәсіби жетістіктеріңіз арта берсін!










