«Өнертанудағы зерттеулердің заманауи әдіснамасы: пәнаралық парадигма аясындағы сандық, сапалық және аралас зерттеу әдістері»
2026 жылғы 27–29 қазан аралығында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоратында профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттарға арналған ғылыми-әдістемелік семинар өтеді.
Семинардың мақсаты — оқытушылар мен докторанттардың әдіснамалық құралдар қорын кеңейту, заманауи зерттеу әдістерін таңдау және қолдану дағдыларын дамыту, сондай-ақ өнер мен өнертану салаларындағы ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру.
Семинар спикері — Мұхтарова Анар Нұриділдаевна, PhD докторы, «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының түлегі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері.
Анар Нұриділдаевна Ұлыбританиядағы Ноттингем және Уорик университеттерін бітірген.
Түркиядағы Анкара қаласында орналасқан Йылдырым Беязит университеті мен Менеджмент мектебінде, сондай-ақ Испаниядағы Сантьяго-де-Компостела университетінде тағылымдамадан өткен.
АҚШ-тағы Мичиган университетінің Sara and George McCune Scholarship Awards грантының иегері, Білім беру саласындағы көшбасшылық және басқару жөніндегі Британ қоғамының (BELMAS) стипендиаты, сондай-ақ Білім беру саласындағы зерттеулер жөніндегі Еуропалық конференцияның (ECER) қатысушысы.
Семинар кәсіби тәжірибе алмасуға, өзекті әдіснамалық мәселелерді талқылауға және қатысушылардың зерттеушілік құзыреттерін жетілдіруге арналған алаң болады.
Ұйымдастырушылар: Ғылыми кадрларды даярлау бөлімі




