• 05.12.2024

«Театр өнері тарихы мен теориясы» кафедрасы

  • ҚазҰӨА
  • «Театр өнері тарихы мен теориясы» кафедрасы

Білім беру бағдарламалары

Оқытушылар құрамы

   «Театр өнері тарихы мен теориясы» кафедрасы Қазақстандағы театртанушыларды: театр тарихшыларын, театр өнерінің теоретиктерін, театр сыншыларын кәсіби тұрғыда даярлауды қамтамасыз ететін бірден-бір кафедра болып табылады.

   Кафедра өзінің жұмысында шетелдік үздік театр жобаларының тәжірибелерін пайдалана отырып, Қазақстан мен шетелдердегі білім беру дәстүрінің синтезі негізінде театртанушыларды оқытудың өзіндік үлгісін қалыптастырады.

   Кафедра 1990 жылдан бері жұмыс жасайды. Осы кезеңнің өн бойында театртанушыларды дайындаудың іс жүзіндегі тәжірибесі жинақталып, Қазақстанда театртанушыларды оқытудың қағидаттары қалыптасты.

Кафедраның білім беру бағдарламасы оның мақсаты мен даму жоспары бойынша айқындалады және олар оқытудың мына үш деңгейі бойынша жүзеге асырылады: 5В041600 – бакалавриат, 6М041600 – магистратура, 6D041600 – докторантура.

Кафедра түлектері М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театры, Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры, Н.Жантурин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры, Жамбыл облыстық қазақ театры сияқты басқа да театрларда қызмет етеді.

   Бұдан бөлек, кафедра түлектері М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында, Қазақстан театр қайраткерлері одағында, сондай-ақ бірқатар бұқаралық ақпарат құраларында, атап айтқанда, «Хабар», «Қазақстан», «Білім және мәдениет» телеарналары, «Театр.kz», «Мәдениет», «Түркістан», «Дидар», «Ақжүніс-Астана» секілді газеттер мен журналдардың редакцияларында жұмыс істейді. Кафедра түлектері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде сабақ береді. Кафедра оқытушыларының шәкірттері Қазақстанның барлық театрларында және шетелдерде (Ресей, Германия, Израиль және т.б.), киностудияларда, телевизиялық арналарда, продюсерлік орталықтарда, концерттік ұйымдарда қызмет етеді.

   Кафедраның қазіргі профессор-оқытушылар құрамының 75 пайызы дерлік кафедраның әр жылдарғы түлектері болып табылады. Кафедра оқытушылары академияның «Өнертану», «Театр өнері», «Кино және ТВ», «Музыка өнері», «Хореография» деп аталатын 5 факультетінде қазақ және орыс тілдерінде сабақ жүргізеді.

   Кафедраның үлкен педагогикалық жұмыс тәжірибесі бар оқытушылары Қазақстанның театр сыншылары және театр процесін зерттеушілер бола жүріп, өздерінің іс-әрекеттерін Қазақстан театр өнерінің теориясымен және тәжірибесімен үйлестіріп отырады.

   Кафедраны әр жылдары өнертану докторы, профессор, ҚР-на еңбек сіңірген қайраткер Б.Құндақбайұлы, өнертану кандидаты, профессор, ҚР-на еңбек сіңірген қайраткер А.Н. Қадыров басқарды. Кафедрада профессор, ҚР-на еңбек сіңірген қайраткер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты  Ә.Т. Сығай сабақ берді.

   Қазіргі таңда кафедрада 4 профессор, 4 доцент, 3 аға оқытушы, 1 өнертану докторы, 4 өнертану кандидаты, 1 PhD докторы, 1 Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер сабақ береді.

Приемная комиссия