2026 жылғы 27–28 наурыз күндері Академияның кинозалында Милия Глухович — Уорик Университетінің (Ұлыбритания) Creative Arts, Performance and Visual Cultures кафедрасының меңгерушісі, PhD, профессор — лекциялар мен шеберлік сабақтарын өткізді.
Шеберлік сабақтарының тақырыптары:
- «Театр драматургиясы және репертуарлық саясат: ұжымдық жадыны сахналау»
- «Перформативті бірегейлік: театр еуропалық және жаһандық байланыс кеңістігі ретінде»
Іс-шараға Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы, магистранттар мен PhD докторанттар қатысты. Лекциялардың аудармасын «Сахна тілі» кафедрасының оқытушысы, 3-курс PhD докторанты Әбенова Әсем Ермахановна жүзеге асырды. Ол үшін Milija Gluhovic шетелдік ғылыми жетекші болып табылады.
Лекция соңында тыңдаушылар мен лектордың қатысуымен белсенді пікірталас өтті. Қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, ғылыми пікірлерін ұсынды. Әсіресе Қазақстанның тарихи өткен кезеңімен тікелей байланысты екінші бөлім ерекше қызығушылық тудырды.
Профессор Milija Gluhovic лекциясы посткеңестік өнердегі деколониалдық эстетиканы заманауи суретшілер — Aslan Gaisumov және Almagul Menlibayeva шығармалары негізінде талдауға арналды. Лектор тарихи жады, травма, репрезентация және кеңестік өткенді көркемдік тәжірибе арқылы қайта пайымдау мәселелеріне назар аударды.
Лекцияның бірінші бөлімінде People of No Consequence (2016) атты бейнежұмыс қарастырылды. Бұл шығарма 1944 жылы шешен және ингуш халықтарының депортациясына арналған. Ерекше назар «денелік жады» ұғымына, үнсіздіктің куәлік формасы ретіндегі рөліне және өнердің травмалық тәжірибені сақтаудағы маңыздылығына аударылды.
Екінші бөлімде “The Tongue and Hunger: Stalin’s Silk Road” (2023) инсталляциясы талданды. Бұл туынды Қазақстандағы 1932–1933 жылдардағы ашаршылық трагедиясын қозғайды. Лектор ұжымдық жадыны көркемдік тұрғыда түсінудің, этникалық бірегейлік, жоғалту және кеңестік саясат салдарынан болған демографиялық өзгерістер мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.
Жалпы алғанда, лекция өнер, саясат және тарихи жадының өзара байланысын ашып көрсетіп, заманауи суретшілердің визуалды тәжірибелер арқылы отаршылдық мұраны қайта пайымдап, жаңа мәдени дискурс қалыптастыратынын көрсетті.












