Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің ұйымдастыруымен 2025 жылдың 14 наурызында Көрісу күніне арналған «Жәдігер» сәндік-қолданбалы өнер көрмесі өтті.
Көрменің басты мақсаты – халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеу, қазақ қолөнерінің ерекше үлгілерін таныстыру болды. Келушілер зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, киіз үй жабдықтары, ою-өрнекпен көмкерілген ағаш бұйымдар, түркі халықтарының дәстүрлі кілемдері сияқты бірегей жәдігерлерді тамашалады.
Көрменің маңызды бөлігі – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байділда Бауыржан Нұрбекұлының жеке коллекциясындағы түркі халықтарының кілемдері болды.



Шара аясында сәндік-қолданбалы өнер бойынша танымдық дәрістер мен шеберлік сабақтары өткізілді. Көрме қонақтары қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысып, рухани сабақтастықты сезінді.
Осылайша, Көрісу күніне арналған көрме ұлттық өнеріміздің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.





