25-27 желтоқсан күндері Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Декоративтік өнер» кафедрасында «Декоративтік өнер» білім беру бағдарламасы бойынша студенттердің емтихандық жұмыстарының көрмесі өтті. Экспозицияда көркем тоқыма, зергерлік бұйымдар және ағашты көркем өңдеу бағытындағы жұмыстар ұсынылды.
Көрмеге 68 студент қатысып, 30 пән бойынша өз жұмыстарын көрсетті. Экспозиция бірнеше күнге бөлінді:
- 23 желтоқсан күні 3 топ студенттері 6 пән бойынша жұмыстарын ұсынды. Бұл күні 20 студент қатысты.
- 25 желтоқсан күні бір топ студент арнайы пән бойынша жұмыстарын көрсетті. Қатысушылар саны – 6 студент.
- 26 желтоқсан күні 2 топ студенттері 6 пән бойынша 14 жұмысын ұсынды.
- 27 желтоқсан күні 3 топ студенттері 12 пән бойынша дайындықтарын танытты. Бұл күні 20 студент қатысты.
Экспозиция эскиздер, жобалар, материалдағы дайын өнімдерден тұрды. Биылғы оқу жылының ерекшелігі – «Көркем тоқымаға арналған компьютерлік графика», «Ағаш бұйымдарын жобалауға арналған компьютерлік графика» және «Зергерлік бұйымдарға арналған компьютерлік графика» атты жаңа пәндердің енгізілуі. Бұл пәндер студенттерді заманауи технологиялар мен бағдарламаларды қолдануға үйретіп, күрделі графикалық және үшөлшемді модельдер жасаудың мүмкіндіктерін ашты.
Кафедраның профессор-оқытушылары мен факультет деканы студенттердің жұмыстарын жоғары бағалады. Экспозиция дәстүрлі декоративтік-қолданбалы өнердің маңызын заманауи технологиялар арқылы қайта жаңғыртудың ерекше үлгісін көрсетті. Үздік жұмыстар Академия қоры үшін іріктеліп, келесі жылы өтетін көрмеге дайындыққа алынды. Бұл көрме дәстүр мен инновацияның тоғысын айқындап, Академия студенттерінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық әлеуетін танытты.