ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫ
БАСПАСӨЗ –ХАБАРЛАМА
«05+BAİQOÑYR» көрмесі
Еліміздің мақтанышы, әйгілі «Байқоңыр» космодромы – ғарыш аппараттары ұшырылатын әлемдегі тұңғыш және ең ірі, ұшырулар саны бойынша көш бастап тұрған халықаралық маңызы бар нысан. Бұл ғарыш айлағы әлемдік тарихта алғаш рет Жердің жасанды серігін орбитаға шығарды және адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен космосқа сапар шекті. Байқоңыр – ғарыш тарихы басталған жер кіндігі. Қазақстанның болашақта ғарышты игеруде алдыңғы қатарлы елдің бірі болатынына сеніміміз мол.
12 сәуір – халықаралық ғарышкерлер күні. Бұл күннің басты қаһармандары біз үшін, әрине ғарыш кеңістігін бағындырған ғарышкерлер. Ғарыш саласындағы қол жеткізген жетістіктер адамзаттың ортақ игілігі ретінде бағаланады. Біздің еліміз де осы жаһандық шарадан тыс қалған жоқ. Адамзат баласын тұңғыш ғарыш көгіне аттандырған Байқоңыр космодромының аты әлемге әйгілі болса, сол киелі жерден ғарышқа ұшқан Халық қаһармандары Тоқтар Аубакиров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сынды батырларымыз біздің ұлттық мақтанышымыз. «05+BAİQOÑYR» атты көрменің атауында да өзіндік мән бар. Биыл аталмыш көрме 5-ші рет ұйым дастырылып отыр. Көрме өнер мен шығармашылық, қиял мен арман сияқты адамның рухани дүниесінің ғарыштық кеңістікпен ұштасып жатқанын көрсетеді және ол символикалық түрде 12-сәуір – халықаралық космонавтика күніне белгіленген.
Ғылым мен техникалық құралдардың қарыштап дамып жатқан кезінде шығармашылық ізденістің орны ерекше, соның арқасында белгілі бір дәрежеде мәдени, рухани жетістіктерге қол жеткізіп, ұлттық өнерді жаңа қырынан көрсетуге болады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Болат Тұрғынбайдың ұйымдастыруымен Темірбек Жүргенов атындағы ҚҰӨА-ның оқытушылары, магистранттары, студенттері мен түлектерінен құралған шығармашылық топтың басты мақсаты да осы.
Суретшілердің қиялының ұшқырлығы, әлемді тануға ұмтылысы, көрерменге ұсыну формасы, қалыптасқан форматтан ауытқушылықтар көрмеге келушілерді бейжай қалдырмасы анық.
Бейнелеу өнері әрқашан да прогреспен қатар, кей уақытта тіпті одан ілгері жүрген. Жаңа цифрлық технологиялар, атап айтқанда, жасанды интеллект техникалық мамандықтармен бірге шығармашылық процестерге де өз әсерін тигізіп, «цифрлық өнер» деп аталатын құбылыс пайда болуда. Заманауи кино, музыка саласын сандық өңдеу, компьютерлік эффектілерсіз елестету мүмкін емес. Техникалық процесс қаншалықты дамыса да, адам баласының санасынан, қолынан шыққан дүние өз құндылығын ешуақытта
жоғалтпайды. Адамзаттың ғарыш кеңістігіне, шексіздікке ұмтылуы, бейсаналық рухани дүниеден шабыт алуы – табиғи құбылыс. Біздің міндетіміз – жас ұрпақты тәрбиелеу, бағыт-бағдар бере отырып өнер әлеміндегі шексіз кеңістікке жол ашу.
Көрменің құрметті қатысушылары:
Ғали Мырзашев, суретші-аниматор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Арыстанбек Шалбаев, суретші, «Қызыл трактор» тобының мүшесі.
Өтетін орны: Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (Панфилов к-сі, 127)
Өтетін уақыты: 11.04.2024 ж. сағат 16:00