Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына арналған 2021 жылдың 22 желтоқсанында Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының кітапханасында «Өнертану» факультеті, «Бейнелеу өнер тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы, өнертану магистрі Ләйлә Әбдіғаниқызы Кенжебаева мен Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті Қытай және Азия Тынық мұхиты аймағының тілі мен аудармасы кафедрасының профессоры Аида Әбдіғаниқызы Кенжебаеваның «Шығыс халықтарының мифологиясы, аңыздары мен ертегілері» атты хрестоматиясының таныстырылым тұсау кесері болып өтті.
Іс-шараны «Өнертану» факультеті мен кітапхана ұжымы бірлесіп ұйымдастырды. Тұсаукесерге Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті мен Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Берілген еңбекте қазақ, қытай, жапон, корей халықтарының әйел тематикасына қатысты мифтері мен аңыздары, ертегілері топтастырылған. Бұл еңбек жоғарғы оқу орындарының «Өнертану» мамандықтарының студенттері үшін өтілетін «Үнді Қиыр Шығыс және Оңтүстік Азия өнерінің тарихы», «Әлем өнерінің тарихы», «Шығыс елдерінің өнері», «Өнердің негіздері мен теориясы», «Бейнелеу өнерінің тарихы», «Ежелгі дәуір өнері», «Қазақстан бейнелеу өнерінің тарихы», «Ежелгі кезеңнен Орта ғасыр Қазақстан бейнелеу өнері», «Өнердегі мифология» пәндеріне және арнаулы курстарда көмекші құрал ретінде кеңінен пайдалануға болады.
Кітапта жинақталған әйел тақырыбына арналған мифтер мен аңыз-ертегілер сондай-ақ Шығыс халықтарының мифтері мен аңыздарының өзіндік ерекшеліктерін зерттеп жүрген филологтар, философтар мен фольклортанушылар, суретшілер, өнертанушылар, әлеуметтанушылар мен мәдениеттанушылар мен этнограф ғалымдар үшін құнды дерек көзі болады болары сөзсіз.
Хрестоматияның ұстанымдарына сәйкес, кітап қосымшасына: оқулыққа енген мәтіндерге түсініктеме, миф, аңыз және ертегілер мәтіндерін жинаушылар мен жариялаушылар туралы мәлімет, шартты қысқартулар, пайдаланылған әдебиеттер, мұрағат және қолжазба қорлары және авторлар туралы мәліметтер енді.