2025 жылғы 10 қыркүйекте Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті. Бұл іс-шараны Кино және ТВ факультеті, «Медиажурналистика» білім беру бағдарламасының студенттері мерейтойға тарту ретінде дайындады.
Академияның өнерлі жастары Абайдың өлеңдері мен өз арнауларын, қара сөздерін жатқа оқыды. Сонымен қатар студенттер арасында Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты зияткерлік ойындар, поэзиясынан білгірлер сайысы ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға арнайы тәтті сый табысталды. Кеш барысында жас журналистер әзірлеген ақпараттық бейнематериал көрсетіліп, өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер ұсынылды.
Бүгінгі мазмұнды іс-шара қазақ халқының ұлы тұлғасының рухани мұрасын кеңінен насихаттауға, жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге бағытталды. Академия ұжымы үшін Абай мұрасын дәріптеу – ұлы ойшылдың өнегелі ғұмыры мен шығармашылығына деген шынайы құрметтің белгісі.

