Стамбұл қаласында «Қорқыт Ата» түркі әлемі кинофестивалі аясында өткен халықаралық киносимпозиумға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының өкілдері қатысты.
Жиында «Кино және телевизия» факультетінің деканы Мадина Қайратжанқызы Бакеева «Қазақ киносындағы түркілік мұра мен цифрлық дәуірдегі дәстүрлердің жаңғыруы» тақырыбында баяндама жасады.
Сондай-ақ «Көркем фильм режиссурасы» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Алдияр Узиятов «Қазақстанның аудиовизуалды мәдениетіндегі Қорқыт ата бейнесі» тақырыбында сөз сөйледі.
Түркі елдерінің ғалымдары мен кино мамандары бас қосқан симпозиумда ортақ мәдени мұраны сақтау, кино білімі және цифрлық трансформация мәселелері талқыланды. Қатысушылар ұлттық құндылықтарды экран өнері арқылы таныту және заманауи технологиялар жағдайында мәдени дәстүрлерді жаңғырту жөнінде пікір алмасты.
Халықаралық симпозиум академия өкілдеріне ғылыми және шығармашылық ізденістерін таныстыруға, түркі әлемінің кино саласындағы мамандарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.





