Күні кеше «Әзербайжан дауысы» вокалдық жобасының кезекті маусымы өз мәресіне жеткен болатын. Байқаудың ақтық сынында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Эстарадалық вокал» мамандығының 3-курс студенті Санат Асуат көптің ықыласына бөленіп, ІІІ орынды иеленді.
Финалда Санат Әзербайжан елінің «Səndən Nigaranam» әнін жоғары дәрежеде орындап, нәтижесінде көрерменнің 20 пайыз дауысына ие болды. Осылайша жобада үшінші орынға тұрақтады. Өнер көрсеткен сәтінен кейін тәлімгері Эльдар Ғасымов финалистің өнеріне жоғары баға берді. Бұған дейін Санаттың Евровидение байқауының жеңімпазы Эльдар Ғасымовтың командасында болғанын айтқанбыз.
Санат, сен өзіңе жүктелген міндетті жоғары дәрежеде орындап, үздік нәтиже көрсеттің, Қазақстанның атын әлемге тағы бір мәрте танымал еттің. Бұл жеңіс баршамыз үшін зор мақтаныш. Талантың мен табандылығыңның арқасында жетістіктерге жете беруге тілектестік білдіреміз. Жеңіс құтты болсын!
