Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес кезекті академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында академиямыздың Өнертану факультеті, театр өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры, өнертану кандидаты Меруерт Болатқанқызы Жақсылықова 2026 жылғы 16–27 қараша аралығында аталған университетте дәріс оқыды.
«Қазақ және шетел театрының тарихы» пәні бойынша дәрістер Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің «Музыка драма актері» және «Актер өнері» білім беру бағдарламаларының студенттеріне арналды. Сабақтарда қазақ және шетел театрының даму кезеңдері, драматургия мен сахна өнерінің көркемдік бағыттары қарастырылды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы білім алушылардың кәсіби білімін толықтыруға және оқытушылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, академиялық ұтқырлықты алдағы уақытта да жалғастыру көзделіп отыр.










