Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен «Qyzğaldaq-2025» V Халықаралық студенттік конкурс-пленэрінің салтанатты ашылуы өтті.
Шығармашылық байқауға жиналған жастар қатарында Тұрғымбай Садықов атындағы көркемсурет академиясы (Қырғызстан), Камолиддин Бехзода атындағы Ұлттық көркемсурет және дизайн институты (Өзбекстан), Чунгнам ұлттық университеті (Оңтүстік Корея) мен еліміздегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті (Шымкент), Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті (Астана), Қожа-Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті (Түркістан), Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері бар.
26-28 мамыр күндері өтетін пленэр бағдарламасы бойынша ашық аспан астындағы басты іс-шара Алматы облысына қарасты Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі Есік көлінде өтеді.
Биыл бесінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі студенттік конкурс-пленэр Қазақ КСР-нің халық суретшісі, ұлтымыздың бейнелеу өнерінің негізін қалаушыларының бірі, суретші Молдахмет Кенбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған.
