Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Көркемсурет» кафедрасының ұйымдастыруымен жыл сайынғы «Алтын күз» көшпелі студенттік байқау-пленэрі өтті. Шығармашылық шара студенттердің табиғат аясында кескіндеме орындау дағдыларын жетілдіруге және туған жердің сұлулығын бейнелеу өнері арқылы жеткізуге арналды.
Пленэр аясында қатысушылар Есік көлі мен Іле өзенінің жағасында орналасқан Көшпенділер қаласына барды. Табиғи көріністер мен сәулеттік нысандар жас суретшілердің шығармашылық жұмыстарына арқау болды.
Табиғат аясындағы жұмыс студенттерге түс пен реңктің үйлесімін, жарық пен көлеңкенің өзгерісін бақылауға, композиция құру шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік берді. Қатысушылар теориялық білімдерін тәжірибеде қолданып, өздерінің көркемдік көзқарасын дамытуға бағытталған этюдтер орындады.
Байқау қорытындысы бойынша студенттердің жұмыстары қойылған көрме ұйымдастырылып, түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталады.
«Алтын күз» байқау-пленэрі кафедраның қалыптасқан дәстүрін жалғастырып, болашақ суретшілердің кәсіби өсуіне, шығармашылық ізденісіне және көркемдік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.












