Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Эстрадалық вокал» бағытының 1-курс студенті Алтынай Әйтен Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің XX Жастар Дельфийлік ойындарында жүлдегер атанды. Жас орындаушы «Эстрадалық ән айту» номинациясы бойынша ІІІ орынға ие болды.
Халықаралық өнер додасында Алтынай вокалдық шеберлігі мен орындаушылық қабілетін танытып, үздік қатысушылар қатарынан көрінді. Оның жетістігі шығармашылық ізденісінің, жүйелі дайындығының және ұстазымен бірлескен еңбегінің нәтижесі болды.
Академия ұжымы Алтынай Әйтенді жүлделі орнымен құттықтап, алдағы шығармашылық жолына табыс тілейді. Жас өнерпазды дайындаған жетекшісі Меруерт Мухсиноваға алғыс білдіреді.






