Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған «Қазақ театр педагогикасы және қазіргі білім беру саласындағы жаңа үрдістер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Іс-шара қонақтарының назарына арнайы дайындалған деректі фильм ұсынылды. Атаулы датаға келіп түскен құттықтауларды жеткізу үшін алғы сөзді Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев алды.
Конференцияға көршілес Өзбекстан мемлекетінен PhD, доцент Анвар Исмолов, Қырғызстан мемлекетінен Өнертану кандидаты, профессор Жаныш Кулмамбетов арнайы келді. Конференцияның пленарлық отырысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандиданты, профессор Аман Құлбаев, Өнертану докторы, профессор Нұрпейіс Бақыт, сонымен қатар Асқар Тоқпановтың шәкірттері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, сахна тілі кафедрасының оқытушысы Иісбек Абильмажинов, Мәдениет қайраткері, сахна тілі кафедрасының профессоры Мұрат Абзелбаев баяндама жасады.
Жиын аясында Асқар Тоқпановтың шығармашылық және ұстаздық мұрасын кеңінен танытатын төрт құнды еңбектің – «Бүгінгі күнге дейін», «Іңкәр дүние», «Сахна саздар», «Конференция жинағы» кітаптарының тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсімін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Академияның ректоры Арман Жүдебаев, Өнертану кандиданты, профессор Аман Құлбаев және Асқар Тоқпановтың ұлы Айбол Тоқпанов жасады.









