18 сәуір күні «BAIKONUR+07 – Сан мен сана өнер кеңістігінде» атты көрменің талқылауы және қатысушыларды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
2026 жылғы 10 сәуір күні Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейіне қарасты Орталық көрме залында жетінші рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба жас суретшілердің шығармашылық ізденістерін тоғыстыратын, заманауи өнердегі өзекті мәселелерді көркемдік тұрғыда талқылайтын мәдени алаң ретінде көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақстандағы заманауи өнер үдерісіндегі маңызды мәдени бастамалардың бірі – «BAIKONUR» көрмесі биыл жетінші жыл қатарынан өз жұмысын жалғастырып, шығармашылық кеңістігін одан әрі кеңейтуде. «BAIKONUR» көрмесінің бастауында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Көркемсурет» кафедрасының меңгерушісі, профессор Болат Тұрғынбайдың «BAIKONUR» атты жеке шығармашылық көрмесі мен авторлық жобасы тұр. 2019 жылы жүзеге асқан бұл жоба бастапқыда идеялық-эстетикалық эксперимент ретінде көрме-презентация үлгісінде ұсынылып, сандық өркениет дәуіріндегі адамның дүниетанымы мен көркемдік ойлау жүйесінің өзгерістерін өнер тілі арқылы пайымдауды мақсат етті. Кейін бұл бастама көркемдік-шығармашылық платформаның негізіне айналып, 2020 жылдан бастап жүйелі түрде жалғасын табуда.
Соңғы жылдары жоба тақырыбына ерекше ықылас танытқан еліміздің танымал суретшілері көрмеге құрметті қонақ ретінде өз туындыларымен қатысып, жас буынға шабыт беріп, қолдау көрсетті. Мысалы, биылғы көрмеге қатысқан құрметті қонақтарымыз:
Амандос Ақанаев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Көркем академиясының президенті
Нэлли Бубэ – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері
Жұмақын Қайрамбаев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор
Алпысбай Қазығұлов –Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қаласының құрметті азаматы
Серкан Аязбаев – Қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті
Ғали Мырзашев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Естай Даубай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор
Арыстанбек Шалбаев – «Қызыл трактор» арт-тобының мүшесі, халықаралық деңгейдегі белгілі суретші
Оңғарбек Алхаров – Дыбыс режиссурасы және операторлық өнер кафедрасының оқытушысы, халықаралық фотобайқаулардың лауреаты
Сабыр Байзақов – суретші-кескіндемеші, PhD, танымал жүргізуші-конферансье, тележүргізуші.
Арман Тоқпан – Көпшілік қойылымдар мен шоулар режиссеры, Халықаралық, республикалық, қалалық жобаларды ұйымдастырушы, «Арт-менеджмент және продюсерлеу» кафедрасының оқытушысы, өнер магистрі
Осылайша «BAIKONUR» көрмесі түрлі буын өкілдерінің көркемдік тәжірибесін тоғыстыратын, заманауи өнердегі жаңа бағыттар мен иедяларды талқылайтын өнер кеңістігінде шығармашылық диалог құрды.
Көрменің талқылауында қнертанушы, PhD докторы Еспенова Айгерім Тұрсынқызы модератор ретінде жүргізді, алғашқы сөзді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жұмақын Қайранбаев бастап жобаға алдағы уақытта бұдан да жоғары дәрежеде өтуіне тілекші екендігі айтылды, жастардан үлкен үміт күтетінін білдірді.
ҚР Суретшілер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірбек Жұбаниязов – студенттерге бұндай жобалар үлкен мүмкіндіктер беретінін алға тартып, жоба жетекшісі Болат Сырлашұлына табыстар тіледі.
Қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті – Серкан Аязбаев құттықтау сөз сөйледі.
«Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің деканы Бауыржан Байділда құттықтау сөз сөйлепғ студенттердің шығармашылық жетістіктерін ерекше атап өтті.
Ісшараның ерекшелігі студент жас суретшілерді ынталандыру, оларға қолдау көрсету мақсатында бірқатар демеушілер өз сый-сияпаттарын ұсынды. Бұл жастарға деген үлкен қуаныш пен күтпеген марапат болды.
Серкан Аязбаев, Қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті, ҚР Көркем академия, ҚР Суретшілер одағы, ҚР Жас суретшілер одағы, суретші-зергер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Естай Даубай және академиямыздың кәсіподақ комитеті.
Сонымен қатар жоба жетекшілерінің атынан да арнайы номинациялар бойынша марапаттау ұсынылды.



















