Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кітапхана оқу залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі, этнограф-ғалым, қолөнер шебері, профессор Дәркембай Шоқпарұлының 80 жылдығына арналған «Дәркембай Шоқпарұлы: Қазақ қолөнерінің жаңғыру тарихы» атты еске алу дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шараны «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультеті, «Өнертану» факультеті және «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды. Жиынды кафедраның аға оқытушысы Ләйлә Абдығаниқызы Кенжебаева жүргізді.
Дөңгелек үстел аясында шебердің өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған «Шеңбердің шежіресі» атты естелік фотокөрме ұйымдастырылды. Көрмеге Дәркембай Шоқпарұлының замандастарымен, пікірлестерімен, мәдениет, өнер және ғылым қайраткерлерімен, сондай-ақ жақын достарымен бірге түскен мұрағаттық фотосуреттері қойылды.
Фотокөрме қонақтарға шебердің шығармашылық ортасын таныстырып, оның өмір жолының маңызды кезеңдеріне көз жүгіртуге мүмкіндік берді. Мұрағаттық суреттер ұлттық қолөнерді жаңғыртуға үлес қосқан тұлғаның болмысын және өзі өмір сүрген кезеңнің мәдени тынысын бейнеледі. Сонымен қатар шара барысында Дәркембай Шоқпарұлына арналған деректі фильм көрсетілді.
Еске алу басқосуы шебердің шығармашылық мұрасын танытуға, қазақ қолданбалы өнерінің дамуына қосқан үлесін дәріптеуге және ұлттық қолөнер дәстүрлерін кейінгі ұрпаққа жеткізуге арналды.












