2025 жылғы 20-22 мамыр күндері Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен өткен ІІІ Халықаралық «TYRKI DYNIYESI» студенттік театрлар фестивалі өз мәресіне жетті.
Үш күнге созылған фестиваль көрерменге 6 мемлекеттің үздік қойылымдарын ұсынды. Атап айтқанда, «Ананың әмірі» (Түрікменстан), «Халала» (Өзбекстан), «Кашаба» (Қырғызстан), «Дуалы түнгі думан» (Әзербайжан), «Қорқыт Ата» (Қырғызстан) мен «Қобыланды» (Қазақстан) спектакльдері болды. Фестиваль бағдарламасында спектакльдерді талқылау мақсатында дөңгелек үстелдер, шығармашылық кездесулер, студенттерге арналған шеберлік сағаттары мен Театр club қамтылды.
Фестивальдің салтанатты жабылу кешінде қазылар алқасының шешімімен үздіктер марапатталып, өнер ұжымдарына ТҮРКСОЙ ұйымының алғыс хаттары табысталды.
Айта кетейік, 2023 жылы ТҮРКСОЙ шешімімен студенттік театр фестивалін тұрақты түрде өткізу туралы келісім жасалды. Алғашқы фестиваль Өзбекстан мемлекетінде, екінші рет Әзербайжанда ұйымдастырылды, ал биыл фестиваль түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы – Алматы қаласында өтті. Келер жылы «TYRKI DYNIYESI» фестивалі Түркия елінде өтеді деп жоспарланып отыр.
