Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Беларусь елінде өткен «Арт-парад в Витебске» VII халықаралық ашық фестиваль-байқауында жеңіске жетті.
12 мемлекеттен 1200-ден астам өнерпаз бас қосқан байқауда Қазақстан атынан қатысқан Музыкалық өнер факультететі, Эстрада вокалы мамандығының 4-курс студенті Ақерке Амалят 129 ұпай жинап, «Вокал» номинациясында Бас жүлдені иеленді. Ол Витебск қаласының концерт залында ана тілінде орындаған әсерлі халық әнімен қазылар алқасын да, көрермен қауымды да тәнті етті.
Ақерке Амалят бұған дейін де көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы, лауреаты атанып жүр. Студентімізді жеңісімен құттықтай отыра, алдағы шығармашылық жолында жаңа жетістіктер мен жарқын белестер тілейміз.






