Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Эстрадалық оркестр аспаптары кафедрасының студенттері республикалық пән олимпиадасында І орынды иеленді.
Олимпиада 2026 жылғы 7 сәуірде Астана қаласындағы К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Аспаптық ансамбль» пәні бойынша өтті. Академия атынан қатысқан ансамбль құрамында Арман Дүйсембаев (саксофон-альт), Антоний Насибулин (фортепиано), Ганибек Туйчибеков (электргитара), Григорий Воинов (бас гитара) және Дастан Дүйсенбаев (ұрмалы аспаптар) өнер көрсетті. Олимпиада барысында студенттер кәсіби шеберлікті талап ететін У. Шортердің «Yes and No», Б. Бергтің «Snakes», Д. Дүйсенбаевтың «Protofunk» туындыларын орындап шықты.
Айта кетерлік жайт, ансамбль мүшесі, 1-курс студенті Дастан Дүйсенбаевтың авторлық шығармасы байқау бағдарламасына ерекше реңк беріп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Жас таланттарымызды және Эстрадалық оркестр аспаптары кафедрасының ұстаздарын осынау жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Өнерпаздарға сарқылмас шығармашылық шабыт пен жаңа белестер тілейміз.








