• 26.12.2024

COVID-19 қарсы вакцинация

Авторkaznai

Sep 17, 2021

2021 жылдың 16 қыркүйегінде Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бөлімінің басшысы Айбек Қанайұлы Кумисбеков академия студенттерімен «ZOOM» платформасы арқылы екпеге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ең басты мәселе – екпе алудың маңыздылығы туралы студенттер арасында ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізу. Осы орайда індетке қарсы екпе алудың маңыздылығы жөнінде студенттерге толық ақпарат беру үшін қалалық №7 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Жұмабеков Нұрбол Омарбекұлы шақырылды.

Нұрбол Омарбекұлы өз сөзінде: «Жер бетін жайлаған індетті жеңудің ең тиімді жолы, жалғыз жолы – вакцинация алу. Жаппай екпе алу арқылы біз ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, COVID-19 пандемиясына қарсы тұра аламыз. Вакцина алу адамның ғана емес, бір отбасының немесе тұтас ұжымның тағдырын сақтап қалуға септігін тигізеді, – дей келе, Денсаулық сақтау министрлігі елде 1 ақпаннан бастап ресейлік «Спутник V» екпесі салынатынын мәлімдеген болатын. Ал 15 ақпаннан бастап осы ресейлік вакцинаның Қарағанды фармацевтика кешенінде әзірленетін дозалары егіледі. Үкімет жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр. 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап отандық QazCovid-In вакцинасын егу басталды. Қазіргі кезде вакцина клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінде. Министрліктің мәліметінше, қазақстандық екпе 1-2 сынақ кезеңінде 96 пайыз тиімділік көрсеткен», – деп, вакцинациялау тәртібі мен қазір қолданыста жүрген вакциналардың тиімділігі туралы айтып өтті.

Сондай-ақ, талқылау барысында ашық диалог ұйымдастырылып, білім алушылар медицина қызметкеріне өздерінің сұрақтарын қойып, сауалдарына лайықты жауаптарын ала алды.

Талдау аясында сөз алған Әлеуметтік-тәрбие жұмысы және жастар саясаты жөніндегі бөлімінің басшысы академия тарапынан талап етілетін тәртіпті қатаң сақтауды, медициналық маска тағып, антисептикті жиі қолдануды талап етіп, «Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысыңыздар!», – деп түйіндеді. Вакцина алу арқылы біз өз денсаулығымызды ғана емес, жақындарымызды, жалпы қоғамды жаһандық қауіпке айналған коронавирустық індеттен қорғай аламыз.

Приемная комиссия