ШАҢЫРАҚ КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАРАПАЗАН Видео ссылка
Наурыз – жаңару мен бірліктің мерекесі, береке мен молшылықтың символы. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Шаңырақ күні ерекше аталып өтті. Бұл күні студенттер ежелгі дәстүріміз – жарапазанды айтып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртты.
Жарапазан – Шаңырақтың берекесі.
Жарапазан – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі ән-жыры. Ол көбіне Рамазан айында және Наурыз мерекесінде айтылатын ізгі тілек пен бата түрінде орындалады. Жарапазан айтушылар әр үйдің шаңырағы биік, керегесі кең, ырысы мол болсын деген ізгі ниеттерін білдіреді. Сол себепті, жарапазанның шаңыраққа тікелей қатысы бар. Қазақта «Шаңырағың шайқалмасын» деген тілек бекер айтылмаған. Бұл – отбасылық береке мен ұлттық құндылықтардың сақталуының белгісі.
Академия студенттері жарапазан айтып, шаңырақтың киесін, дәстүрдің жалғастығын дәріптеді. Олардың орындауындағы жарапазан – ұлттық рухты көтеретін, ата-бабамыздан қалған мұраны дәріптейтін ерекше мәдени шара болды.
Осындай игі дәстүрлерді жаңғырту – Қазақ ұлттық өнер академиясының басты мақсаттарының бірі. Ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеуге бағытталған шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Толық видеоны сілтеме бойынша көре аласыз


