18 наурыз күні Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Иран Ислам Республикасының Бас Консулдығы жанындағы Иран Мәдени орталығымен бірлесіп, «Наурызнама» өнер байқауы және көрмесі ұйымдастырылды.
Бұл шара «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің студенттерінің шығармашылық ой-өрісін кеңейтіп, Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталды. Байқау барысында студенттер Иранның тарихи қалалары мен мәдени мұрасын өз туындыларында бейнеледі.
Иран – әлемдегі ең көне өркениеттердің бірі. Көрмеге қойылған жұмыстар парсы өнерінің өзіндік ерекшеліктерін – сәулет өнері, ою-өрнек, миниатюралық кескіндеме мен дәстүрлі қолөнер элементтерін көрсетті.
Жеңімпаздарға арнайы сыйақылар табысталып, байқау студенттердің шығармашылық дамуына зор серпін берді. Бұл шара екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі арттыруға септігін тигізді.




