19 наурыз 2025 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақстанның белгілі суретші-кескіндемешісі, кәсіпкер, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер академиясының корреспондент мүшесі Марат Төтеевпен шығармашылық кездесу-сұхбат өтті.
“Қазақстан табиғатында сурет салу (пленэр) тәжірибесі” тақырыбында ұйымдастырылған шараға Академия студенттері мен олардың ұстаздары қатысты. Кездесудің қолдаушысы ретінде өнертану ғылымдарының магистрі Л. Кенжебаева суретшінің шығармашылық ерекшелігін жоғары бағалады.
Марат Төтеев 2020-2025 жылдары Қазақстан аумағының 80%-ын аралап, этюдтік жұмыстар орындаған тәжірибелі суретші. Ол өз сапарларында елдің табиғаты мен шалғай ауылдардың тұрмыс-тіршілігін бейнелеп, пленэрлік кескіндеме арқылы құнды шығармалар жасаған. Кездесу барысында ол табиғат аясында жұмыс істеудің қыр-сырын бөлісіп, студенттерге кәсіби кеңестер берді.
Іс-шара 1-2 курс студенттерінің оқу практикасы (пленэр) аясында ұйымдастырылып, қатысушылар үлкен қызығушылық танытты. Шара барысында жас суретшілер өз сұрақтарын қойып, табиғатта жұмыс істеу әдістері туралы маңызды ақпарат алды.
Кездесу «Көркемсурет» кафедрасының 2024-2025 оқу жылындағы Стратегиялық жоспары аясында ұйымдастырылып, білім алушыларға тәжірибелі суретшілермен кездесіп, шеберлік сабақтарына қатысу мүмкіндігін ұсыну мақсатында өткізілді.
Академия ұжымы суретші Марат Төтеевке өз тәжірибесімен бөлісіп, жас буынға шабыт бергені үшін алғыс білдіреді. Оған шығармашылық табыс, зор денсаулық және жаңа жетістіктер тілейміз!




