2024 жылдың 9 желтоқсанында Алматы қаласындағы Республикалық Достық үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – тірегім, елім деп соққан жүрегім!» атты мерекелік іс-шара өтті. Патриоттық әндер кешін Алматы қаласындағы Республикалық Достық үйі мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ұйымдастырды.
Мерекелік іс-шараның басты мақсаты – студент жастар арасында ұлттық сана-сезімді, толеранттылықты, қоғамдық келісімді нығайту және отансүйгіштік рухты қалыптастыру болды. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды саналы түрде қабылдап, ұрпақтың рухани дамуына ықпал ету іс-шараның негізгі міндеттерінің бірі болды.
Кештің ашылуында ұйым басшылары қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Мерекелік шараның барысында академия студенттері маңызды баяндамалар жасады. Сонымен қатар, Ешмұратов Бекзат пен Кеңесова Дильназ өздерінің Тәуелсіздік күніне арналған авторлық өлеңдерін оқып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Сондай-ақ, Академияның талантты студенттері мен магистранттары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Ән мен бидің әсем үйлесімі кештің мазмұнын байытып, көрермендерге қуаныш сыйлады.
Бұл маңызды шараға Алматы қаласының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Абай атындағы ҚазҰПУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің студенттері қатысты.