Шымкент қаласындағы Жастар театры мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы арасындағы дуалды оқыту жүйесі аясында, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, белгілі режиссер Мұрат Ахмановтың шеберханасы, «Театр өнері» факультетінің «Драма және кино артисі» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері бір айлық тәжірибеден өтуде.
Бұл тәжірибе түлектеріміздің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, болашақта тұрақты жұмыс орнына айналуы мүмкін театр ұжымымен тығыз байланыс орнатуға жол ашуда. Осы орайда, студенттеріміздің театрдың дамуына үлес қосатын жас мамандар ретінде қалыптасатынына сеніміміз мол.
Дуалды оқыту шеңберінде ұйымдастырылған арнайы брифингке академиямыздың ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әділханұлы қатысты. Шара барысында баспасөз өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті. Жас өнерпаздарымыз өз пікірлерін ортаға салып, алғыстарын білдірді.




Студенттеріміз Шымкент қалалық орыс драма театрының сахнасында Уильям Шекспирдің «Король Лир» трагедиясын ұсынды. Қойылымның режиссері әрі сценографы – Мұрат Ахманов. Қоюшы хореограф – Гүлжан Әліақбарқызы, ал көркемдік кеңесші ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хазима Мұлханқызы жұмыс атқарды. Бұл қойылым – театр мен білім беру ұйымы арасындағы шығармашылық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі.
Осы бастамаға қолдау білдіріп, болашақ мамандарға үлкен мүмкіндік бергендеріне Шымкент қаласы әкімдігіне шын жүректен алғысымызды білдіреміз!
Құрметпен, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ұжымы