
2024 жылдың 9–10 сәуір күндері Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының оқытушылары Шымкент қаласындағы Саз колледжі мен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде кәсіптік бағдар беру мақсатында іссапар өткізді.
Аталған іс-шара барысында кафедра оқытушылары — Жайдаргүл Қазыбекова, Сырым Нұрмолдин және Тоғжан Дүйсенбекқызы Академияның оқу үдерісі, білім беру бейіндері, кәсіби өсу мүмкіндіктері, дәстүрлі өнердегі шеберлік пен өзекті мәселелер, сондай-ақ жалпы музыкалық өнердің болашағы туралы кеңінен мәлімет беріп, бағыт-бағдар көрсетті.
Шабыт сыйлаған бұл кездесулерде берілген құнды кеңестер мен халық аспаптарының жанды үні колледж және университет студенттеріне ерекше әсер қалдырды.
Барлық қатысушыларға шынайы алғысымызды білдіре отырып, бұл мазмұнды диалогтар жас таланттардың дәстүрлі музыка әлемінде өз жолын тауып, шығармашылық қалыптасуына зор ықпал етеді деп сенеміз!


