Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақстанның тұңғыш кәсіби мүсіншісі, халық суретшісі Хакімжан Есімханұлы Наурызбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Жастар үні: Хакімжан Наурызбаевтың ізімен» атты шығармашылық көрме және жетекші Санат Байсыновтың «Өмір жолы: Мүсін өнері және ұрпақтар сабақтастығы» кітабының тұсаукесері өтті.
Жоба мақсаты – ұрпақ сабақтастығы
Бұл шара мүсін өнеріне өз өмірін арнаған хас шебер Хакімжан Наурызбаевтың шығармашылығын насихаттау және оның өнердегі мұрасын кейінгі буынға танытуға бағытталды. Сонымен қатар, жас мүсіншілердің шығармашылық дамуына қолдау көрсету, олардың ізденісін бағалау мен дәріптеу – жобаның басты міндеттерінің бірі болды.
Жас мүсіншілердің жұмыстары ұсынылды
Көрменің негізгі қатысушылары – Асаналы Асыл мен Жетгенбай Жүсіп, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің «Мүсін» мамандығы бойынша білім алушылары, өз жұмыстарын ұсынды. Олардың жетекші Санат Байсыновтың басшылығымен жасаған мүсіндік туындылары көрермен назарына ұсынылды. Наурызбаевтың 100 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған бұл еңбектер өнердің үздік дәстүрлерін жаңғыртып, жаңа толқынның өзіндік қолтаңбасын көрсетті.



Көрме академия қабырғасынан бастау алып, алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлерінде де көпшілікке ұсынылуы жоспарланды.
«Өмір жолы» – Наурызбаевтың өнеріне құрмет
Көрме аясында Санат Байсыновтың «Өмір жолы: Мүсін өнері және ұрпақтар сабақтастығы» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбекте Хакімжан Наурызбаевтың Қазақстан мүсін өнеріне қосқан өлшеусіз үлесі, оның қазіргі мүсін өнеріне әсері және автордың ұстаздық тәжірибесі баяндалды.
Бұл шара өнерге жаны жақын жандар үшін маңызды оқиға болды.


