Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кітапханасында Сценография кафедрасының меңгерушісі, профессор Меруерт Жангужинованың оқу-әдістемелік әдебиеттерінің таныстырылымы өтті. Іс-шараға сценография өнеріне заманауи көзқарастарға қызығушылық танытқан студенттер мен оқытушылар құрамы қатысты.
Таныстырылымда бакалавриаттан бастап докторантураға дейінгі әртүрлі деңгейдегі білім алушыларға арналған 11 кітап ұсынылды. Оқу құралдарына түстану, көркем графика негіздері, кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру әдістемесі сияқты тақырыптар, сондай-ақ сценография, педагогика және костюм дизайны салалары бойынша ағылшын, қазақ және орыс тілдеріндегі монографиялар кіреді.
Ұсынылған материалдар сценографияның теориялық және практикалық аспектілерін қамти отырып, білімнің құнды көзі болып табылады. Әсіресе театр өнеріндегі цифрландырудың рөлі мен оның креативті индустриялармен байланысына ерекше назар аударылған, бұл әдебиеттерді қазіргі білім беру үдерісінде маңызды етеді.