


Шығыс Қазақстан облысында ЖОО мен колледж студенттері арасында ұйымдастырылған «Заң мен тәртіп» тақырыбындағы республикалық «Үздік баннер эскиздері» байқауы өз мәресіне жетті. Іс-шара ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің медиа жоспары аясында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және құқықтық сана-сезімді арттыру мақсатында өткізілді.
Байқауды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ШҚО бойынша департаменті Қазақстан-Американдық еркін университетімен бірлесіп ұйымдастырды. Ел бойынша 500-ден астам жұмыс қабылданып, жастардың заң мен тәртіп тақырыбына деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орын Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің 4-курс студенті, «Графикалық дизайн» мамандығында оқитын Гаухар Тәуекелқызы Калжановаға берілді. Оның жұмысы идеяның өзіндік ерекшелігімен, жоғары орындаушылық шеберлігімен және көркемдік көзқарасымен ерекшеленді.
Жеңімпазды шын жүректен құттықтаймыз! Үздік жұмыстар болашақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық материал ретінде пайдаланылатын болады.

