• 25.11.2024

«Жүргенов оқулары»

Авторkaznai

Сен 1, 2021

1 қыркүйек – барша халықтың дәстүрлі мерекесі! Сонымен қатар, бүгін 2021 жылдың 1 қыркүйегінде сағат 12:00-де Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы 1 курс студенттері үшін дәстүрлі «Жүргенов оқуларын» онлайн форматта өткізді.

Саналы ғұмырын мемлекетіміздің өркендеуіне, туған жеріміздің көркеюіне арнаған тұлғаны өскелең ұрпақ білу қажет. Жүргенов оқуларын ұйымдастырудағы басты мақсат та осы –тәлім, таным сабақтастығын жалғастырып, белгілі қайраткердің сәулелі ғұмыры арқылы ұрпақ бойына үлгі-өнеге сіңіру, тарихи тұлға ретінде дәріптеу. Студенттер үшін ұйымдастырылған шара ер есімін ұмыттырмай, өскелең ұрпаққа кеңінен таныстыруды көздейді.


Конференцияның шымылдығын ашып, дәрісті жүргізген PhD доктор, “Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар” кафедрасы доценті Ардақ Нұрмұхамбетов Темірбек Жүргеновтің өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметі туралы ақпаратпен бөлісіп, адами болмысын, ел алдында жүрген көшбасшылық қасиетін, ерекше қабілетін, еңбекқорлығын, тектілігін, зиялы, бекзат азаматтық тұлғасын ашты.


Жүргеновтанушы ғалым Айгүл Садықова: «Жүргенов оқулары» 2016 жылдан бастап тұрақты түрде Оқу театрында өткізіліп келеді. Тек 2020 жылы еліміздегі жағдайға байланысты тарихшылар Шаймерденова М.Д., Нұрмұхамедов А. А. және мен өз топтарымызда онлайн өткіздік. Жүргенов оқуларында Темірбек Қарайұлының өмірі мен қызметі, оның Қазақстанның білім, мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі туралы баяндаймыз. Ол кісінің театрлардың, филармонияның, көркем галереяның, цирктің, қуыршақ театрының, кітапханалардың, кинокөрсетілімдердің, жас көрермендер театрларының ашылуын ұйымдастырғанын айтамыз. Жалпы, оның қызметі өнердің барлық түрлерінің дамуына негіз болғанын, сол себепті де академияға есімі берілгендігін студенттерге жеткіземіз».

Приемная комиссия