• 23.11.2024

«Бөрте» қойылымы талқыланды

Авторkaznai

Окт 21, 2021

20 қазан күні, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кинозалында «Заманауи театр өнеріндегі инновациялық-мультимедиалық ізденістер» тақырыбында Халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Мақсаты – таяуда Түркістан музыкалық драма театрында премьерасы өткен Д.Исабековтың «Бөрте» қойылымының шығармашылық жетістігі, мультимедиялық жаңашылдығы мен шетелдік мамандардың қолданған тәжірибесін талдау болды.

Ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың Халыққа жолдауында аталған «Креативті индустрияны» театр саласы бойынша дамыту үшін үздік мультимедиялық спектакльдер шығару, мультимедия-сценограф мамандарын сапалы дайындау мен мамандардың біліктілігін арттыру мәселелері қарастырылды.

Конференцияға ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, автор-драматург Дулат Исабеков, Түркістан музыкалық драма театрының директоры Айнұр Көпбасарова, ҚР «Театр қайраткерлері қоғамының» төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов, «Өнертану» факультетінің деканы, театртанушы Меруерт Жақсылықова, «Сценография» кафедрасының меңгерушісі, өнертанушы Сәнгүл Қаржаубаева, «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» Президенті, театртанушы Анар Еркебай мен академияның ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, шараның модераторы Қабыл Халықов қатысты. Сондай-ақ, бейнеконференцбайланыс арқылы «Бөрте» спектаклінің қоюшы-режиссері Карло Шаккалуга мен облыс театрларының басшылары, театр мамандары, сценографтар, оқытушылар мен студенттер, магистранттар мен докторанттар онлайн форматында қосылды.

Дөңгелек үстелде алғы сөз Түркістан театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасароваға берілді

Түркістанның тарихы терең болғанымен, буыны әлі бекімеген жаңа қала ретінде қалыптасып жатыр. Туризмге акцент қойылғандықтан, біздің мақсат – киелі Түркістанды әлемге, алыс-жақын шетелге таныту болды,-дейді.

Айта кетейік, «Бөрте» спектаклін қоюға Италиядағы Генуя ұлттық театрының директоры, белгілі режиссер, актер әрі композитор Давиде Ливерморе, екінші режиссер ретінде Америкада, Германияда өз қолтаңбасын қалыптастырған италиялық Карло Шаккалуга мен сценограф Анна Варалдо шақырылған.
-Біз эксперименттік бағыттағы тұңғыш театр ретінде сырттан режиссер шақыру арқылы технологиялық тәжірибе алмасып, театрдағы жас актерлерімізге, режиссерлерге шеберлігінің шыңдалуына мүмкіндік жасағымыз келді. Режиссерлер көптеген технологиялар схемасын ұсынғанымен, оларды бір ғана спектакльде қаржылық тұрғыдан игере алмадық. Жыл соңына дейін озық техникалық және креатив шешімдерге негізделген тың қойылымдар қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылатын болады,-деді А.Көпбасарова

Келесі сөз кезегі онлайн байланысқа шыққан спектакльдің режиссері итальяндық Карло Шаккалугаға берілді.
-Қазіргі заманауи театрларда технологияларға сұраныс өте жоғары. Айнұр Сайлаубайқызының басшылығындағы театр «Бөрте» қойылымында жаңа технологиялар мен бұрынғы мәдениетті, дәстүрді үйлестіруді мақсат етті. Біздегі ой – кеңістіктің шексіздігін көрсету болды. Көрермендерге жазық далада жүргендей сезім қалдырғымыз келді. Өте үлкен лед экран, эскалатор, проекция жасайтын қондырғылар мен айналар арқылы ерекше қойылым жасауға тырыстық, — деді спектакльдің режиссері. Ал қойылымға қажетті декорациялардың барлығын жергілікті ұжым өз қолымен әзірлеген екен. Театр басшысының айтуынша, ХІ-ХІІ ғасырлардағы көптеген музыкалық аспаптар болмағандықтан, спектакльге арнап эксклюзивті музыка жазған Хамит Шанғалиев инструменттердің дыбыстарын тауып, аспаптарды пластикалық трубалардан келтіріп жасаған.

Конференция барысында спектакль турасында сұрақтар қойылып, ұсыныс- пікірлер тыңдалды. 2018 жылы Т.Қ.Жүргенов ат. ҚазҰӨА ректорының у.м.а. Шәріпбек Әмірбековтың бастамасымен «Мультимедиялық сценография» мамандығы ашылған болатын. Осыған орай, «Сценография» кафедрасының меңгерушісі Сәнгүл Камалқызы «Бөртеде» мультимедиялық сценография элементтері жаhандану заманында сәтті қолданылғанын айтып, алдағы уақытта Түркістан музыкалық драма театры мен Карло Шаккалугамен ынтымақтастық орнатып, шетелдік тағылымдамалар мен онлайн және офлайн форматтарында мастер-класстар өткізуге ниет білдірді.

Өнер академиясының басшылығы Түркістан театрының шақыртуымен бірнеше мамандарды арнайы спектакльдің премьерасын тамашалауға жіберген болатын. Спектакль жайлы өзінің пікірімен «Өнертану» факультетінің деканы Меруерт Жақсылықова бөлісті.

Ең алдымен техникалық тұрғыдан таза қойылым болғанын атап өткім келеді. Қазақстанда жаңа технологияларды өз орнымен қолдану әлі де ақсап тұр. Екіншіден, қойылым шынайылығымен, сахналық киімдер тартымдылығымен ерекшеленеді. Бөртедегі сұлулықты көріп көзің сүрінеді. Мақтанышпен шетелге шығаратын қойылым деп айтар едім,-дейді Меруерт Болатқанқызы. Алдағы уақытта «Бөрте» Еуропаның төрт бірдей театрында сахналанатын болады.

«Бөрте» — қазақ театр тарихына жазылатын тың дүние. Түркістан театрының басшылығына сәттілік тілей отырып, әлемдік деңгейдегі премьералар тілейміз.

Приемная комиссия