Наурыз айының 18-і күні Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, режиссер, профессор Оразхан Сәдуақасұлы Кенебаевтың 70 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.
Шара барысында режиссердің шығармашылық жолы, театр өнеріне қосқан үлесі, қазақ театр педагогикасын дамытудағы еңбегі кеңінен талқыланды. Әріптестері, замандастары мен шәкірттері естеліктерімен бөлісіп, Оразхан Кенебаевтың өнердегі өнегелі жолын атап өтті.
Театр және кино қайраткерлері, белгілі өнертанушылар, әріптестері мен достары, сондай-ақ жас буын өнерпаздары қатысқан бұл шарада мерейтой иесінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық мұрасы туралы ойлар ортаға салынды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – ұлттық өнеріміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан талантты режиссердің шығармашылық мұрасын дәріптеу және кейінгі ұрпаққа насихаттау болып табылады.


