Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында асық ату, арқан тарту, тоғыз құмалақ және ләңгі тебу бойынша ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Бұл сайыстар тек ептілік пен логиканы сынайтын дода ғана емес, қазақтың ұлттық рухын сезіндіретін, студенттерді бір мақсатқа біріктіретін ерекше шара болды.
Жарыс басталғаннан-ақ қатысушылардың толқынысы, қолдаушылардың қызу үні залды керемет атмосфераға бөледі. Асық ату кезінде студенттер ерекше дәлдік танытып, асықтарды шеберлікпен көздеді. Арқан тарту сайысында қатысушылар күш-жігерін біріктіріп, бір-біріне қолдау көрсетті. Тоғыз құмалақ жарысы ақыл-ой сайысына айналып, логикалық ойлау қабілеттерін шыңдады. Ал ләңгі тебу жарысында шапшаңдық пен ептіліктің керемет үлгісін көрсеткен жастар ерекше көзге түсті.
«Бұл жарыстар – ұлттық мәдениетімізді дәріптеудің тамаша мүмкіндігі. Ата-бабамыз ойнаған ойындарды бүгінгі жастар арасында қайта жандандыру – үлкен қуаныш!» – деді жарысқа қатысушылардың бірі.
Қазақ ұлттық өнер академиясы ұлттық ойындарды насихаттау арқылы мәдени мұраны сақтауға, оны жастардың санасына сіңіруге ерекше көңіл бөледі. Мұндай шаралар ұлттық рухты көтеріп қана қоймай, жастардың достық қарым-қатынастарын нығайтады.







