• 29.03.2024

«ӨНЕРТАНУ» ФАКУЛЬТЕТІ ҒЫЛЫМ АПТАЛЫҒЫНЫҢ АЯСЫНДА ОНЛАЙН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Авторkaznai

Сәу 15, 2021

«ӨНЕРТАНУ» ФАКУЛЬТЕТІ ҒЫЛЫМ АПТАЛЫҒЫНЫҢ АЯСЫНДА ОНЛАЙН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

«Өнертану» факультетінің Жас ғалымдар Кеңесі мен ғылыми-редакциялық бөлім 2021 жылдың 15 сәуірінде «Қазақстандық өнердің қоғамдық сананы жаңғырту контексіндегі дамуының жаңа парадигмасы» тақырыбындағы ғылым апталығының аясында «Тәуелсіз Қазақстан өнертану ғылымының даму парадигмасы» атты онлайн форматта дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – жас ғалымдар мен студенттердің шығармашылық белсенділігін ынталандыру, өнертану ғылымы саласы бойынша зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру. Аталмыш шараға «Кино тарихы мен теориясы», «Театр өнерінің тарихы мен теориясы», «Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы, докторанттары мен магистранттары және студенттер белсенді қатысып, тақырыпқа байланысты өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге Қазақ ұлттық өнер университетінің (Нұр-Сұлтан қаласы) «Кинотану» мамандығының білім алушылары да қатысып, жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.

Дөңгелек үстелге кинотанушы, PhD, доцент Б.Б. Нөгербек модераторлық етті.


Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Қ.З. Халықов дөңгелек үстелдің алғы сөзін: «Академиямыздың ұстаздары, жас ғалымдары, шәкірттері! Сәуір айының 12-16 күндері аралығында өнер ордамызда жылда өтетін ғылым апталығы өтіп жатыр. Бүгін Сіздер өткізгелі отырған дөңгелек үстелдің тақырыбы өте өзекті әрі ауқымды. Қазақстан ғылымы әлемдік зерттеу кеңістігінде ерекше орын алады. Халықаралық ғылыми дәйектеу базаларында ауқымды мақалалар жариялаудан әлем бойынша 25-ші орында тұруымыз соның зор көрсеткіші.  Әрине, бұл біздің Білім және ғылым министрлігінің қойған талабының нәтижесі деп білеміз. Біз қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстандағы өнертану ғылымының даму парадигмасы, оның критерийлері, даму тенденцияларына көп мән беруіміз қажет. Өзге мемлекеттердің өнертану ғылымының зерттеу әдістері мен әдістемесі, ғылыми парадигманы құрайтын ұстанымдарына сүйене отырып, еліміздегі өнертану ғылымының дамуын арттыруымыз шарт. Осы бағытта көптеген монографиялар, магистрлік, докторлық диссертациялар, профессорлық құрамның ғылыми мақалалары жазылып жатыр. Бүгінгі онлайн дөңгелек үстелдің сәтті өтуіне тілектеспін. Ғылымдағы еңбектеріңізге үлкен жеміс тілеймін!» деп бастады.

«Өнертану» факультетінің деканы, өнертану кандидаты, театртанушы М.Б. Жақсылықова: «Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар, хош келдіңіздер! Бүгін осындай әдемі басқосу өткізіп отырғанымызға қуаныштымын. Тәуелсіз ел болғалы өнертану ғылымы қандай саламен, қай бағытта жұмыс атқарып жатқандығын қазір түсінуіміз керек. Болашақта қалай дамимыз деген сауалдың төңірегінде Сіздердің келелі ой пікірлеріңізді естігіміз келеді. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз! Іске сәт!» деп ақжарма тілегін білдірді.

Онлайн дөңгелек үстелде төмендегі спикерлер көрсетілген тақырыптар бойынша ойларын ортаға салды:

  1. Нәсіпхан Мырзабек, «Кинотеледраматургия» мамандандыруының 2 курс магистранты – «Заманауи қазақ тарихи фильмдеріндегі патриоттық идея көрінісі»;
  2. Ұлжан Құрманбай, «Театртану» мамандандыруының 1 курс магистранты «Қазақ театр өнерін зерттеудің жаңа парадигмалары»;
  3. Қарабалаева Балнұр, «Өнертану» мамандандыруының 3 курс докторанты – «Заманауи қазақ кескіндеме өнеріндегі  мифологиялық сананың архетиптендірілуі»;
  4. Әбдіқасымов Бауыржан, «Кинотану» мамандандыруының 1 курс магистранты –  «Қазақ кинотану ғылымының дамуы»;
  5. Әбен Гүлмира, «Кинотану» мамандандыруының 1 курс магистранты, (Қазақ ұлттық өнер университеті, Нұр-Сұлтан) – «Кино өнерінің кино техникамен даму байланысы (аналогтік және сандық кино негізінде)».

Дөңгелек үстел соңында факультеттің оқытушылары тарапынан тақырып қорытындыланып, баяндамышларға зор алғыс білдірілді.

Приемная комиссия