2024 жылдың 22 қарашасында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің 90 жылдық мерейтойы аясында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, күйші әрі дирижер Арман Жүдебаевтың шығармашылық кеші өтті.
Кеш Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан үзіндімен ашылып, оны Құрманғазы атындағы оркестр мен Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы орындады.
Салтанатты шарада еліміздің бірқатар лауазымды тұлғалары мен өнер жанашырлары сөз сөйлеп, ұлттық өнерді дәріптеудегі Арман Жүдебаевтың еңбегін жоғары бағалады. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ректорға Президент Құрмет грамотасын табыстады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау сөздері жеткізілді. Шараға Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев қатысып, өз лебіздерін білдірді.
Кеш барысында ұлттық және классикалық музыканың үздік туындылары орындалды. Құрманғазының «Сарыарқа», Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет поэмасы», Михаил Глинканың «Руслан мен Людмила» операсынан увертюра, Петр Чайковскийдің «Пляскасы», сондай-ақ Арман Жүдебаевтың авторлық күйі «Жетісу» көпшілікке ұсынылды.
Арман Жүдебаев дирижер ретінде ерекше шеберлігін танытып, көрермендермен тығыз байланыс орнатты. Оның дирижерлік өнері мен залды өзіне баурай білуі концертке ерекше көрік берді.
Кештің басты ерекшелігі – музыкалық жанрлардың үйлесімділігі мен орындаушылардың кәсіби шеберлігі. Концертте Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Талғат Күзембаев, күйші Нұркен Аширов сияқты өнерпаздар өнер көрсетті.
Кештің финалында Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл шығармашылық кеш ұлттық музыканың рухын асқақтатқан, өнерсүйер қауым үшін үлкен мереке болған айтулы мәдени шара ретінде есте қалды.