• 22.11.2024

К Ө Ң І Л А Й Т А М Ы З

Авторkaznai

Feb 6, 2022

Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы Қазақстанның халық жазушысы, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, классик жазушы Әбдіжәміл Кәмілұлы Нұрпейісовтің дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.


Әбдіжәміл Кәмілұлы 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде туған. 1942–1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан.  Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады.


«Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964 3 кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап боп шықты, 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді. А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.


Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытқан тұлғаның есімі қазақ мәдениетінде алтын әріптермен жазылып, жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын. Алла алдынан жарылқасын!


#Көңіл_айтамыз

Приемная комиссия