Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық қоғамды қатты алаңдатып отырған келеңсіз көріністердің бірі. Осы індеттің алдын алу, жемқорлықты болдырмау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мақсатында ақпанның 7-11 аралығында Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» бөлімінің ұйымдастыруымен Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА мектеп-интернат, колледжі оқушылары мен студенттерінің қатысуымен «Жемқорлыққа жол жоқ» апталығы өтті.
Апталықтың мақсаты: Өскелең жас ұрпақты адал жолмен жүруге, адалдыққа үйрету. Оқушыларға парасататтылық, адалдық, әділдік, сенім, «ар-ұждан» ғылымы құндылықтарын барынша насихаттау. Сыбайлас жемқорлықтың көріністерімен, одан туындайтын қоғамның тұрақты және қауіпсіз дамуына қатер төндіретін сыбайлас жемқорлықты болдырмау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдарды негізге ала отырып, құқықтық мағлұмат беру.
Оқушылар мен студенттер қатысқан апталықта Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» бөлімінің басшысы Айбек Қанайұлы Күмісбеков пен бөлімнің маманы Гүлбану Қабылжанқызы Омарбекова «Жемқорлық» ұғымының мәнін ашып түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұрудың негізгі басымдықтары мен міндеттері туралы; білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Апталық барысында «Адал жол – Честный путь» тақырыбында дәріс, «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» баяндама оқылып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру негіздері» атты презентация мен «Жемқорлыққа жол жоқ». Жемқорлықпен күрес қоғам борышы» бейнеролигі көрсетілді. «Сыбайлас жемқорлыққа» қатысты заң бойынша түсіндірме жұмысы да жүргізілді. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, оған қарсы тұру үшін заңды білу қажеттігі де айтылды. Студенттермен «Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ» атты пікірталас ұйымдастырылды. «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» атты сауалнама жүргізілді. «Саналы ұрпақ» клубы мүшелерінің санын арттыру мақсатында өз пікірлерімен бөлісіп, ойларын еркін, толыққанды жеткізген белсенді студенттер мен оқушылар тобы құрылды.
Студенттер пікірталасқа белсенді қатысып, осы «зұлымдыққа» қарсы күрес ең алдымен өзінен, әр отбасынан басталуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Сондықтан әркім өзінен бастау керек – адал оқу, сессияны адал тапсыру, адал жұмыс істеу. Жемқорлықпен, яғни қауіпті індетпен жұмыла күресуіміз әрі оны еліміздің барлық азаматтарының азаматтық борышы екенін түсінуіміз қажет.