• 30.04.2024

Кино және Телевизия факультетінің құрылғанына 30 жыл

Авторkaznai

Apr 11, 2024

2024 жылдың, сәуір айының 9 жұлдызында  Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында “Кино және Телевизия” факультетінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында “Заманауи дыбысты – көріністік кеңістіктегі “Кино және Телевизия” факультетіндегі дәстүр мен инновациялар” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті.

 “Кино және Телевизия”  факультеті  еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары отау тігіп, отандық кино өнерінің жоғары білімді кәсіби мамандарын тәрбиелеу арқылы, қазақ ұлтының өзгеге ұқсамайтын өзіндік киномектебін қалыптастыруға елеулі ықпал еткен, Орталық Азияның экрандық өнер кеңістігіндегі жетекші білім ордаларының бірі.

 1993-94 – оқу жылында алғашқы талапкерлерді қабылдай бастаған факультет, содан бергі отыз оқу жылында ұлттық кино өндірісі саласының мыңдаған мамандарын даярлап шығарды.

Факультеттің негізін қалап, білім беру бағдары мен оқу үдерісін қалыптастыру  дәстүрінің бастауында қазақ халқының біртуар зиялы азаматтары, ұлттық киноөнерінің қайраткерлері мен танымал тұлғалары Камал Смаилов, режиссер Виктор Пұсырманов, анимация режиссері Әмен Хайдаров, оператор Әбілтай Қастеев, киносыншы Бауыржан Нөгербек тұрды.

 Конференция жұмысына академия ректоры, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері Арман Әділханұлы Жүдебаев, факультетте әр жылдары қызмет атқарған ардагер-ұстаздар, профессорлық-оқытушылық құрам мүшелері, үздік түлектер және Түркия, Ресей елдерінен келген кино және телевизия саласының мамандары қатысты. Конференцияға қатысқан меймандар: есімдері елімізге танымал Сламбек Тауекел, Сергей Азимов, Аман Бекенұлы, факультеттің  ардагер оқытушылары, Ғайнижамал Әбілдина, Болат Қалымбетов, Аманжол Айтуаров, Ерлан Ақшалов, Асия Байгожина, Әлия Төкенқызы, белгілі киносыншы Гүлнар Абикеева, кинооператор Ринат Қосай т.б. отандық киноөнерінің майталман мамандары, сонымен қатар, “Туран” унивеситеті мен Қазақ ұлттық өнер университетінің профессорлық-оқытушылық құрамдары қатысып, әріптестерін мерейтоймен құттықтады. “Туран” унивеситетінің, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректорларының Академия мен факультет ұжымына жолдаған құттықтаулары оқылды.

Конференцияны құттықтау сөз сөйлеп ашқан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев Академияның құрылу, қалыптасу кезеңдеріне және алда атқарылуы тиіс міндеттерге тоқталды. Оның ішінде қол қойылған халықаралық меморандумдарда белгіленген қарым-қатынастарды іс жүзіне асыру, Академия мен өндірістік кәсіпорындар арасында тығыз байланыс орнату, сол арқылы студенттердің алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекітіп, шыңдауына жағдай жасау мәселесіне айрықша назар аударды. Өз сөзінде Арман Әділханұлы бүгінгі күні ұжымның әр мүшесі өз қызметінде: «Қазіргі заман – жұмыс нәтижесі сөзбен емес, іспен дәлелденуі керек заман» деген қағидатты  басшылыққа ала отырып қызмет атқаруы тиіс екендігін атап айтты. Алдағы уақытта академия басшылығы осы мәселелерді түпкілікті шешуге және жаңа міндеттерді сапалы деңгейде жүзеге асыруға техникалық жағынан да мейлінше қолдау көрсетілетініне сендірді.

Конференцияға Түркиядан келген қонақ, профессор Маргарита Владимировна Соловьева 1995-2021 жылдар аралығында “Кино және ТВ” факультетінде қызмет істеген уақыттағы педагогтар ұжымының, кино мен телевизия салаларының білікті мамандарын даярлауда атқарған жұмыс тәжірибелерін еске алып,  сонымен бірге,  дарынды шәкірттерді «Болашақ» және академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында шет елдерге білімдерін шыңдау мақсатында жіберіп отыру дәстүрін жалғастырудың маңызды мәселе екендігіне тоқталды.

Бүгінде факультетте жүздеген шәкірттер білім алып, мыңдаған түлектер еліміздің кино және телевизия кеңістігінде жемісті еңбек етіп жүр. Факультет құрылғаннан бергі отыз жылда ондаған түлектер республика деңгейінде ғана емес, халықаралық деңгейдегі «А» санатындағы кинофестивальдерде жеңімпаз атанды. Олардың алдыңғы қатарында отандық киноөнерінің көшін алға сүйреп жүрген киногерлер Акан Сатаев, Азиз Жамбакиев, Эмир Байгазин, Адильхан Ержанов, Нариман Торебаев, Асхат Кучинчереков, Нургелді Садыгулов, Асқар Узабаев, телевизия саласының білікті мамандары Айгүл Мүкей, Мақпал Жұмабай, Айгүл Ақсамбиева тағы басқалар бар.

 Факультет түлектері, Халықаралық “Berlinale” кинофестивалінің лауреаты Азиз Жамбакиев пен “Asia Pacific Screen Awards” жүлдесінің иегері Азамат Дулатов, сонымен қатар, режиссер, PhD докторы Шарипа Оразбаева, PhD докторы Серік Әбішевтер конференцияға арнап дайындаған баяндамаларымен келіп, ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар конференцияда көрші Ресей мемлекетінен арнайы шақырылған қонақтар, дыбыс режиссері әрі саунд дизайнер, үздік дыбыс режиссурасы үшін “Золотой орел” сыйлығының үш дүркін иегері атанған Павел Дореуле және  дыбыс режиссері әрі продюсер Карима Хисматулинаның өз мамандықтарының қыр-сырлары туралы баяндап, экрандық өнер туындыларын дыбыспен көркемдеудің заманауи тәжірибелерімен бөлісті.

“Кино және Телевизия факультетінің 30 жылдығы” мерейтойын атап өтуге арналған іс-шаралар аясында академияның кинозалында үздік фильмдер, факультеттің аудиторияларында шетелдік киногерлердің шеберлік сағаттары, академия шәкірттерінің Корей өнер университетінің студенттерімен бірлесіп түсірген киножобаларының көрсетілімі және факультет тарихы мен қазіргі тынысын баяндайтын арнайы фотокөрме өткізілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Приемная комиссия